Көктемнің шуағын ала келген Наурыз – мейірімділік пен бірліктің, тазалық пен жаңарудың мерекесі. Осы орайда мектебіміздің оқушылары "Наурызнама" онкүндігі аясында қайырымды істерге атсалысты.
11-сынып оқушылары мешіт аумағын тазалау жұмыстарына қатысып, айналаны ретке келтірді. Бұл игі іс – жастардың рухани тәрбиесіне, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға үлкен үлес қосты.
Сонымен қатар, 10-сынып оқушылары жалғызбасты Оразбай атаға көмек қолын созды. Олар ақсақалдың ауласын тазалап, үйін жинап, көктемгі жұмыстарға жәрдемдесті. Жастардың осындай қайырымды істері үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісі болды.
Наурыз – тек дастарқан басында ғана емес, игі амалдар арқылы да тойланатын мереке. Осындай іс-шаралар арқылы оқушыларымыздың бойында ізгілік пен жауапкершілік қалыптасып, қоғамға пайдалы азамат болып өсетініне сенімдіміз.